Ей, доллар-ау, қайда безіп барасың,
Бүліндіріп дүйім елдің арасын.
Жоғарыда не бар саған, кері қайт
Қазағыңды өкпелетіп аласың.



Бұзықсың-ау, тісің батты енді-енді,
Дейсің: маған кәне кімдер тең келді.
180-де қарапайым едің ғой
300-іңде керіп қапсың кеудеңді.

Болды жарар, биігіңнен түс енді,
Саған өзі қай сайтанның күші енді.
Соншалықты қылатындай дағдарыс
Қайтара алмай жүрсің кімнен есеңді.

Сен арқылы түзуші едік ойды да,
Сен арқылы қылушы едік тойды да.
Неменеге елден безіп барасың
Әлде байлар өкпелетіп қойды ма.

Қашан білмейм, ораласың, келесің,
Әйтеуір бір бағыты жоқ кемесің.
Аспанында бара жатсаң қазақтың
Сәл тұра тұр, мынау саған кеңесім.

Қазаққа кел, саған қамқор болайын,
Теңге қызды некелетіп қояйын.
Шенеунікті даяшы қып тойыңа
Торғай жақта өткіземіз бал айын.

Кел, келе бер, күтіп жүрміз кеш деме,
Ән саламыз таңертең де, кешке де.
Қалың малға Торғайымды гүлдендір
Одан басқа сұрамаймын ештеңе.

Қонақжаймыз, сенбесеңіз келіп көр,
Алмайсың ба орыныңды келіп төр.
Сараң байдың бұзып, ашып сандығын
Бір кедейдің қалтасына еніп көр.

Соларменен қуан, өткіз тойыңды,
Ұғынады арманыңды, ойыңды.
Арамдықта жүргеніңді білдіртпей
Адалдыққа үйретеді бойыңды.

Қыз-қырқындар саған беред мол асын,
Кет демейміз, әрбір үйге қонасың.
Бұрынғыдай шашылмайсың жан-жаққа
Орныменен жұмсалатын боласың.

Қуан қайта, елмен өмір сүресің,
Адамының адалдығын көресің.
Моншаларда жүргеніңді ұмытып
Мешіттерге садақа боп кіресің.

Міне, саған айтып тұрмын жақсы үгіт,
Өз-өзіңді көрсетсеңші жақсы ғып.
Сенен бірақ ондай нәрсе шықпайды-ау
Жүргенің сол бар әлемді тапшы ғып.

Қайда, қайда бара жатсың пәлекет,
Ұстатпайсың, қанша қылсақ әрекет.
Мейлі саған болмайыншы тосқауыл
Бірақ, бірге теңге қызды ала кет.

Шыңғыс Кенжалиев,
Торғай аграрлық-техникалық колледжінің оқытушысы.

Комментарии

Сырбай
#1 Сырбай 04.10.2015 23:26 Цитировать
Жарайсың, жезде!
Аятов Аскар
#2 Аятов Аскар 14.10.2015 22:19 Цитировать
Базар жок бауырым жарайсын

Комментарии Статьи