Жақсылық Жүнісұлы – жарты ғасыр бойы қалалық, облыстық, республикалық басылымдарда көптеген тақырыптарға қалам тербеген тәжірибелі журналист.

Қазақстан Республикасы журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Арқалық қаласының құрметті азаматы деген мәртебелі атақтары Ж. Жүнісұлының еліне сіңірген еңбегін айғақтап тұрғандай.

Биыл баспасөз ардагерінің 70 жылдық мерейтойы және шығармашылығына тура 50 жыл толып отыр. Журналистика мамандығының қыр-сырын небәрі 20 жасында меңгере бастаған тілші күні бүгінге дейін қаламын өміріне серік етіп, көптеген туындыларды жарыққа шығаруда. Осындай айтулы күндерге орай облыстық Дала өлкесі тарихы мұражайында ардагердің шығармашылық кеші ұйымдастырылды.

Жақсылық Жүнісұлы кәсіби тұрғыда бірсыпыра шәкірт тәрбиелеген ұстаз. Газет мақалаларын дайындауда, тақырып таңдауда, көркемдік жағынан жетілдіру жөнінде біраз ақыл-кеңесін кейінгі толқын журналистерге беріп келеді. Автордың үш кітабы жарыққа шыққан. Онда әр жылдары жазылған естеліктері, тұшымды мақалалары, өлең жолдары енген.

Кешті айтыскер ақын Азамат Мәлжанбай жүргізді. Жиынға Ж. Жүнісұлының тұстастары, достары келіп, жылы лебіздерін білдірді. Автордың өлеңдеріне жазылған әндер де жұрт назарына ұсынылып, кештің шырайын келтірді.

 

«Торғай» ақпарат