Қалалық музыка мектебі – балаларды саз өнері әлеміне жетелейтін бірден-бір орда. «Бұлақ көрсең – көзін аш» демекші, талай талантты оқушылардың қанатын қатайтып, өнер иесі етіп қалыптастырған мектепте жуырда жағымды жаңалық болды. Мектеп оқушылары «Сәлем, Астана!» атты республикалық фестиваль-байқаудан жүлделі орындармен оралды.
Еске сала кетсек, Арқалықтың жас музыканттары былтырғы жылы да аталмыш байқауда биіктен көрінген еді. Биыл да жеңісті жолдарын жалғастырып, ұстаздарының үмітін ақтап келді. Атап айтсақ, жас айырмашылығы бойынша орта топта өнер көрсеткен Әділ Мұратбек вокал номинациясы бойынша ІІІ орынға, Алтын Тұрсынбек қобыз номинациясы бойынша І орынға ие болды.
Сонымен қатар, үш қобызшы бас жүлде – Гран при ұтып алды. Олар – Мархабат Тоқтарова, Айжан Мейрамғалиева, Дильназ Мергенова. Жоғарғы топта сайысқа түскен Тоғжан Жүсіпова домбыра номинациясында І орынды, Наргиз Бейсембаева І орынды жеңіп алды.
Мектеп директоры Бораш Әбеновтың айтуы бойынша, жас музыканттар ансамбль номинациясында да бағын сынады. Нәтижесінде қобызшылар ансамблі бас жүлдеге қол жеткізді.
Айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген балаларды өнерге баулып, тәрбиелеп жүрген ұстаздардың еңбегі орасан зор. Атап айтсақ, Кенжегүл Қабылова, Райхан Хасенова, Балым Жусупова, Гүлім Қожанова сияқты класс мұғалімдері оқушыларын шыңдап, шәкірттерін сайысқа жақсы дайындағандары анық байқалды.
«АХ»