Арқалықтың мақтанышы – «Ақбота» халық би ансамблінің бір жылдық есептік қорытынды концерті жуырда Ы. Алтынсарин атындағы гимназияда жұрт назарына ұсынылды.

Осыдан оннан астам жыл бұрын ҚР мәдениет қайраткері Ерсін Жүсіповтің бастауымен құрылған «Ақбота» халық би ансамблі ондаған, тіпті жүздеген жас бишінің қанатын қатайтқан шығармашылық топ. Тарихы талай жетістіктерге толы шығармашылық шоғырдың әр жылдары жеңісті белестерге толы. Облыстық, республикалық, тіпті халықаралық деңгейдегі байқау-сындарда Арқалықтың намысын қорғап жүрген «Ақботаны» қаламызда танымайтын, олардың биімен тамсанбайтын жан жоқ шығар.

 Қала тұрғындары үшін «Ақботаның» үнемі дамып, тың дүниелермен толығып отыратын репертуарын басынан аяғына дейін тамашалаудың сәті түсті. Өнерсүйер қауымның назарына испан биі, попуррилер, ұлтымыздың тарихына көз жүгіртіп, шолу жасатқан ұлттық нақыштағы қойылымдар, орыс ұлттық билері көтеріңкі көңіл сыйлады.

Ансамбльді биікке жетелеп жүрген қазіргі жетекшісі Қымбат Қанашева осы шығармашылық топтың бұрынғы түлегі, қазір кәсіби түрде хореографиямен айналысады. Бір жыл бойы ансамбльге жетекшілік етіп, өзіндік қолтаңбасын қалдырып үлгерді. Жас бишілерді өзі Қостанайда жоғарғы оқу орнында үйренген білімі мен тәжірибесіне машықтандырып, оларды бірталай шыңдады. Есептік концерт – оның біржылдық еңбегінің жемісі деуге болады.

Концерттік кеште қаламыздың өзге де өнерпаздары сахнаға шығып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

 Қайрат

ЕСМАҒАНБЕТОВ