Қаламыздың мәдени ошағы, өнер ордасы – театр өзінің шығармашылық пен ізденіске толы жұмысын күні кеше ғана бастап кетті. Жаңа маусым әртістердің алдына жаңа міндеттер қоюда. Егер былтырғы жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Отан соғысының 70 жылдығы сияқты маңызы зор тарихи даталарға толы болса, биыл сахналық қойылымдардың басым бөлігі қаламыздың 60 жылдығы және ең басты мерейтой – ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы сынды айтулы мерейтойлар аясында өтпек.
Жалпы, театр үшін биылғы жыл ерекше табысты жыл болып отыр. Ең басты жаңалық, әрине, театр ғимаратының күрделі жөнделуі. Қаламыздың айтулы мәдени ошағына мемлекет бюджетінен 200 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген болатын. Өткен ғасырдың 70-80 жылдары бой көтерген ғимарат бүгінгі таңға дейін тозып үлгергені айтпаса да түсінікті. «Алюминстрой» ЖШС өнер ордасының іші мен сыртын күрделі жөндеуден өткізіп, театр ауласын да абаттандыру, қоршау, жарықтандыру сияқты жұмыстарды атқарып жатыр. Театр жөндеуші мердігер объектіні мерзімінен тыс тапсыруды жоспарлап отыр. Демек, қаламыздың өнерсүйер қауымы облыстық жасөспірімдер театрының әртістерімен қазан айына қарай қауышуы әбден мүмкін.
Жаңара түскен ғимаратқа жаңа толқын жас актерлер де ілесіп жатқан көрінеді. Бұл қуанышты хабармен театрдың бас режиссеры Ибрагим НИЯЗБЕКОВ бөлісті. Арқалыққа Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінің түлегі, қызыл диплом иегері Еркебұлан БАЙЖҰМАН есімді жас маман келген екен (CУРЕТТЕ сол жағынан бірінші). Еркебұлан Көкшетау қаласында білім алса да, Арқалық елінің тумасы. Яғни, ата-аналарымен бірнеше жылдар бұрын осы қалада туып-өскен. Енді алған білімін кәдеге жаратып, Арқалық өнерін өркендету жолына сарп етпек. Көрермен қауым жас актердің ойынын жуық арада тамашалайтынына сенеміз.
Режиссердің айтуы бойынша, әртістер ұжымының жартысынан көбі – кәсіби актер емес. Яғни, мамандығы басқа салада. Дегенмен де, сахна үстінде жүргендеріне көп жылдар болған олар үшін актерлік шеберлік – көпжылдық тәжірибе мен табиғи дарындылықтың нәтижесі. Яғни, арнайы білімі болмаса да, еңбек пен талантының арқасында шығармашылықта биік жетістіктерге жеткен жандар.
«Солай бола тұра, театр әртістері үнемі өздерінің кәсіби деңгейлерін арттырып, шеберліктерін шыңдауға талпынады», - дейді И. Ниязбеков. Мысалы, биыл үш бірдей жас әртіс Б. Бейшеналиева атындағы Қырғыз мемлекеттік өнер және мәдениет университетін сырттай тәмәмдап, кәсіби білім алған екен. Жас режиссер Орынбасар ҚОЙБАҒАРОВ режиссерлік мамандық иесі атанса, Бақытгүл ОРДАБАЕВА мен Аманжол ЕРҒАЛИЕВ – актерлік маман иесі болды. Жалпы, театр актерлері жыл сайын білімін жетілдіріп келеді. Биылғы жылы үш актер оқуға тапсырып, білім алуға бел буған екен.
Театрдың атқарып жатқан жұмысын сөз етер болсақ, жаз айларында қуыршақтар театры түрлі қойылымдарымен бүлдіршіндерді шаттық пен қуанышқа бөлеген еді. Ендігі маусымда әртістер ұжымы Арқалық қаласының 60 жылдық мерейтойына арнап «Бағдаршам» атты А. Файзоллаевтың балаларға арналған спектаклін 30 тамыз – 10 қыркүйек аралығында қоймақшы. Театр әкімшілігінің айтуы бойынша, спектакльмен актерлер труппасы Арқалық аймағының барлық ауылдарында болмақ. Қоюшы режиссер – жас маман Орынбасар Қойбағаров. Сонымен қатар, ауыл халқына театрдың шығармашылық тобы арнайы концерттік бағдарламасын ұсынады.
И. Ниязбеков қазір көрнекті жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рақымжан Отарбаевтың «Қараша қаздар қайтқанда» атты драмасын сахналауға дайындық жүріп жатқанын баян етті. Бұл шығармада Тәуелсіздігіміздің құны қаншалықты екенін, аумалы-төкпелі кезеңдегі адамдардың рухани тоқырауға ұшырауы, жүдеп-жадауы көрініс тапқан. Бас режиссердің айтуынша, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында дәл мұндай драманы таңдаудың сыры осында. «Біз қалың көрерменге егемендігінің баға жетпес құндылық екенін көрсетуіміз керек», - деп есептейді И. Ниязбеков.
Мерейтой демекші, театр ұжымының ішінде де өзіндік айтулы даталар биылғы жылға дөп келіпті. Театрдың тәжірибелі актерлері, жастық шақ жігерін, шығармашылығы жалындаған дәуірін, ондаған жылдарын сахна өнеріне сарп еткен, қала көрермендеріне есімдері жақсы таныс Ораз Нұрғали мен Бағнұр Молдашев есімді актерлер 40 жасқа толады екен. Қырықтың қырқасына келіп, шығармашылықта да, өмірде де кемел жасқа қадам басқан азаматтарға театр әкімшілігі жылы лебізін білдіріп, шалқар шабыт, толайым табыс тілейді. Біз де ізгі тілектерге қосыламыз. Көрермендер ҚР мәдениет қайраткері Ораз Нұрғали мен Бағнұр Молдашевтардың ойынын, образына жан бітіріп сомдау талантын «Тозаңды терезе», «Алдан» және тағы басқа спектакльдерден біледі. Олардың шынайы бейнелеу мен кейіпкердің мінез-құлқын, адами толғаныстарын нанымды жеткізе білуі талай көрерменді бірде жылатып, бірде күлдіргені рас. Бұл да болса шеберліктің, еңбектің көрсеткіші.
Осының бәрін ескерсек, театр үшін биылғы жыл шын мәнінде табысты болатыны талассыз. Театр әртістері алдағы уақытта тыңға сүрлеу салып, жаңа дүниелерімен қуантады деп күтеміз.
Қайрат
ЕСМАҒАНБЕТОВ