Облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында жергілікті ақын-сазгер Болат Молдашевтың «Сырым бар айтылмаған» атты шығармашылық кеші өткізілді. Кеш ақынның 55 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.

 

Көгалат ауылының тумасы, ақындығымен де, сазгерлігімен де елге танылған Болат Молдашев бұралаңы көп өмірдің бұлаңдаған иірімдерін жырға қосып, оқырманына иланымды жеткізе білетін қаламгерлердің бірі. Ұйқастарды ұйыстырып, өлең шумақтарын өрнектеуге келгенде автордың ауылдың қараша үйін, қарапайым қазақи қалыпты нанымды бейнелей білетін суреткер ретінде тануға болады. Бұл тұрғыда тиісінше бағаланып жүр де. Өлеңінің өрнегі ерек, жыр-балладалардағыдай жылжыма көріністерді көз алдыңа елестеттіретін көркемдік тұрғыдағы шеберлігі екінің біріне даритын қабілет емес. Сондықтан Болат Молдашевтың қарапайым көріністерді қаз-қалпында қағаз бетіне түсіріп, оқырманның жүрегіне сәуле жүгірте білуі – табиғи дарындылықтың нышаны ретінде қарастырсақ артықтық етпес.

Атағынан ат үркитін ақындармен бәсекелесе қоймаса да, өзінің табиғилығымен, өлең қисындылығымен, үйлесімді үндестігі бар шумақтарымен бойыңа шуақ дарытатын қарапайым қаламгердің шығармашылығы шындыққа негізделгенімен құнды. Әр туындысы өмірде көрген, ойына түйген жайттерге сүйене отырып жазылған тағылымды дүние.

Кешке Болат Молдашевтың шығармашылығын сыйлайтын, құрметтейтін аға-інілері, оқырмандары қатысып, мерейлі мерекемен кеш иесін құттықтады.