Дәстүрлі ұжымаралық көркемөнерпаздар байқауы биыл вокалдық жанрға негізделді. Еске салар болсақ, жылма-жыл қатысушылар ереже бойынша жарты сағатта түрлі жанр бойынша өнер көрсететін еді. Биыл ұжымдар бұл дәстүрлі сарыннан алшақтап, тек вокалдық жанр бойынша, яғни ән орындау бойынша сарапқа түсті.
Мәдениет сарайының көркемдік жетекшісі Зәмзәгүл Мергенованың айтуы бойынша, мұндай «реформа» облыс көлемінде жүргізілуде. Дегенмен де, бұл тек вокалдық орындаушылардың өнері ғана еленеді деген сөз емес. Байқаудың негізгі жанры жыл сайын өзгеріп тұратын болады. Мысалы, келер жылы дәстүрлі ән жанры, басқа да бағыттар ережеге енуі мүмкін.
Биылғы байқауға 20-дан астам ұжым қатысты. Оның ішінде оқу орындары, медицина, мәдениет, құқық қорғау, коммуналдық саладағы қызметкерлер өз мекемесінің намысын қорғады. Атап айтар болсақ, қатысушылар дуэт, квартет, хор және тағы басқа нөмірлерін тамашалатты. Көбісі, вокалдық нөмерін би мен сахналық көріністер арқылы әрлеп, көркемдігін арттыра түсті.
Ұжымдардың өнерін бағалау қазылар алқасының мүшелері ҚР мәдениет қайраткері Бораш Әбеновке, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сандуғаш Алматоваға, Мәдениет сарайының көркемдік жетекшісі Зәмзәгүл Мергеноваға, кәсіби әнші Мейрамкүл Ысқақоваға жүктелді. Байқау қорытындысы Халықаралық ынтымақтастық күні - 1 мамырда мерекелік концерт барысында жарияланады.
Айта кету керек, облыс орталығында сәуірдің 27-30 аралығында хореография жанры бойынша байқау өтеді. Мұны З. Мергенова хабарлады. Бишілер байқауына қатысуға «Ақбота» халықтық би ансамблі дайындалуда. «Ақботаға» ақ жол тілей отырып, байқауда биіктен көрінуіне тілектеспіз.