Арқалық қалалық сотының төрағасы Көшербай Ақшалов Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының студенттерімен кездесу өткізіп, Президентіміздің 100 нақты қадамы 5 институционалдық реформасы аясында Заң үстемдігін қамтамасыз ету жөнінде әңгіме өрбітті.


Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтында заңгер мамандығымен сабақтас мамандық бар. Ол – құқық және экономика негіздері. Кездесуге келген студенттердің басым көпшілігі аталмыш мамандықтың жоғарғы курс студенттері болды.


Елбасы Н. Назарбаевтың Заң үстемдігін қамтасыз ету мәселесін 5 ауқымды саланың бірі ретінде ұсынуы тегіннен тегін емес. Заң саласындағы реформалар - мемлекет дамуының тежегіші – сыбайлас жемқорлықпен күресуге, адамның іргелі құқығы мен бостандығын қамтамасыз етуге, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздіктің салтанат құруына, мемлекет билігінің шектелуіне, әділсот билігінің қалыптасуына септігін тигізетін болады. Жастарға осы қағидаларды айта келе, К. Ақшалов сот мамандығының қыр-сырын, жауапкершілігін, ерекшеліктерін түсіндіріп, оның маңыздылығына тоқталып өтті.
Сот төрағасына жиналған жастар өздерінің сауалдарын қойып, толымды жауаптарын алды. Жиын соңында болашақ педагогтардың назарына Арқалық қалалық сотының 9 ай ішіндегі жұмыс қорытындысы жайында қысқаша есеп беріліп өтті.

«АХ»