Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының математика және физика кафедрасында дәстүрлі жыл сайын өтілетін «Төлегенов оқулары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция биыл өте жоғары дәрежеде өтті.
Бұл жолғы ғылыми тәжірибелік конференция «Қазақстанның білім беру жүйесіндегі инновациялық үрдістер» тақырыбында әртүрлі мәселелер қозғады. Пленарлық мәжілісте АрқМПИ ректоры С. Қуанышбаев құттықтау сөз сөйлеп, келген қонақтарға сөз кезегін берді. Ғылыми конференция жұмысы барысында қонақтар, атап айтсақ: Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің математика және физика кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының докторы Сағат Мухамедин, Қожа Ахмет Яссауи атындағы ХҚТУ Білім технологиялар кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымының докторы Бахтияр Ортаев, А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің доценті, математика-физика ғылымдарының кандидаты Роза Ысмағұл сынды ғалымдар келіп ой бөлісті.
Ғылыми-практикалық конференция 3 секция бағыты бойынша өтті: жаратылыстану ғылымдары, педагогика және филология, тарих және өнер.
Қазақстан Республикасының Президенті - Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан - 2050» стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің алдына жаңа өршіл мақсат қойып отыр. «Жаңа технологиялық толқын жалына жармасып теңдессіз инновациялар жасау барлық елдің қолынан келе бермейді. Біз осыны жете түсінуге тиіспіз» - деп атап өткендей, инновациялық зерттеулерді дамытудың жаңа саясатына сәйкес өткізіліп отырған «Қазақстанның білім беру жүйесіндегі инновациялық үрдістер» тақырыбында «Төлегенов оқулары» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясының жас ұрпаққа берері мол деп білеміз.
Балсұлу Жұбанғалиева,
математика мамандығының 2-курс студенті.