Бұл сөзбен келіспейтін талапкер жоқ шығар. Себебі, заманауи талаптарға сәйкес білім ордасы - Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты қазіргі таңда облыстағы үздік жоғарғы оқу орындарының бірі саналады.
Биыл студенттер қатарына қабылданған 423 студент осыған көз жеткізген болар. Сейсенбі күні Қазақ жасөспірімдер театрында Студенттер қатарына қабылдау салтанаты өткізіліп, онда институт табалдырығын кеше ғана аттаған болашақ педагогтарға алғашқы құжат – яғни студенттік билеттер табыс етілді.
Жылдағы дәстүр бойынша салтанатты жиынды құттықтау сөзімен институт ректоры, география ғылымдарының докторы Сейтбек ҚУАНЫШБАЕВ бастады. Болашақ ұстаздар қатарына қабылданған жастарды жаңа өмір белесімен құттықтап, оқуда озат болуларын, институттың мәдени-көпшілік шараларына белсене қатысып, жан-жақты шыңдалуды тіледі.
АрқМПИ – белді оқу орны дегеніміз жалаң сөз емес. Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты республикамыздың ең мықты педагогикалық жоғарғы оқу орындарының ондығына кіреді. Мұнда қырық жылдан астам уақыт бойы сан мыңдаған жас ұстаздар түлеп ұшқан. Институт даму жолында бір сәт тоқтап көрген емес. Яғни, уақыт талаптарына сәйкес жаңа форматта білім беру ісін меңгеру жолынан таймай келеді.
Студенттік шақ - адам өміріндегі ең қызыққа толы кезең. Балалықтан даналыққа беттейтін, есейіп, кемелденетін, өмірдегі құндылықтарды таразыға тартып, әр нәрсенің құнын біле бастайтын, риясыз көңіл көтеріп, жалындаған жастармен бірге дәурен кешетін ғажап кезең. Студенттік өмір – тұнып тұрған анекдот. Орыс классигінің мысалындағы шырылдауық шегіртке құсап, жаз бойы «гөлайттаған» студенттер емтихан атты «қиямет көпірінен» өту сәті тақағанда, ұйқысыз түн өткізуі, «шпаргалка» әзірлеп әуре болуы шынымен талай анекдоттың өзегіне айналған. Не болмаса, сессия кезінде студенттердің болмашы нәрселерге сеніп, неше түрлі «ырымға» салынатыны тағы бар. Осындай езу тартқызар әңгімелерді бейнеролик арқылы студенттер емес, проректор, декан сынды «лауазымды» тұлғалар айтқанда, жиналғандардың көңілі бір сергіп қалғаны рас.
АрқМПИ – әркез өнерімен қуантатыны баршаға мәлім. Бұл жолғы концерттік бағдарлама да осал болған жоқ. Қызығы, ондағы нөмірлердің көбісін «перваштардың» өзі дайындаған. Сонысымен тартымды болды. Флешмоб, батыстың талай би түрі, әуезді әндер мен КВН ойыны да жиналған жұрттың ықыласын тудырды. «Студенттер көктемі – 2014» байқауының «Дәстүрлі ән» номинациясы бойынша жеңімпазы Айбат МАРАТОВ, институттың жас өнерпаздары Жәнібек ҚУАНЫШБЕК, Дина БОЛАТҚАЛИЕВА, Асылзат ДҮЙСЕНҚҰЛ, Нұрсұлтан БОЛАТҰЛЫ бастаған институттың КВН құрама командасы, «Аңыз» би тобы және тағы басқа тек институт қана емес, қала мен облыс шеңберіндегі мәдени шараларда жұлдызы жарқырап жүрген өнерпаздар кештің тартымды өтуіне өз үлестерін қосты.
Әрине, институттың басты бағдары – білім. Сондықтан, студенттер қатарына қабылдау салтанатында оқуда озат болып, ҰБТ сияқты қиын сынақта жоғарғы көрсеткішке жеткен, сол жоғарғы баллымен АрқМПИ-ға түсуді ұйғарған студенттер аталмай қоймайды. Оларға, яғни Ережеп пен Аида Амироваға студенттік билеттің ең «ірісін» ұстау мәртебесі бұйырды (СУРЕТТЕ).
Қайрат ЕСМАҒАНБЕТОВ