Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, екі мәрте Қазақстан Республикасы Парламент мәжілісінің төрағасы болып сайланған халықтың қалаулысы, біраз жылдар бойы Арқалықта қызмет істеген Орал Мұхамеджановтың өмірі мен қызметі жайында «Халқым деп соққан жүрегім» атты кітаптың тұсау-кесері болып өтті.
Іс-шара Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтында өтті. Осы өңірге көп еңбек сіңірген, еліміздің саяси элитасының өкілі Орал Мұханбетжанов туралы естелік кітапты оның авторлары, яғни белгілі ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбекұлы мен әрі автор, әрі бас демеуші Серікбай Тапаев таныстырды.
Жиында мемлекет қайраткері Орал Мұхамеджановпен қызметтес, сыйлас, аралас-құралас болған достары, аға-інілері марқұмның іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілеті, адамгершілігі мен кісілігі, жұртқа деген адалдығы мен халыққа деген сүйіспеншілігі жайында сөз өрбітті. Орекен Алматов, Кәки Ақан, Қонысбай Ағуанов, Юлия Юстинова, Хамитбек Мұсабаев сынды азаматтар мен азаматшалар жиынға келген жұртшылыққа Орал Байғонысұлы туралы есте қалған оқиғаларын айтып, оның ерекше қасиеттеріне тоқталып өтті.
Бұл кітаптың жарыққа шығуына Арқалық қаласының азаматтары да атсалысқан екен. Яғни, қаржылай демеу көрсеткен «Нұр Жайлау НС» ЖШС, «Торгайстрой» ЖШС және т.б.
«Торғай-ақпарат»