1946 жылы киелі Торғай атырабында дүниеге келген Серік Тұрғынбекұлының есімі жырсүйер қауымға жақсы таныс. Көптеген жыр кітаптарының авторы бүгін қаламыздағы Н.Құлжанова атындағы оқу орнының студенттерімен кездесті.

 

Өзінің саналы ғұмырын өлең-жырға арнаған ақын кездесу барысында аталмыш оқу орынға есімі берілген тұңғыш журналист әйел Нәзипа Құлжанова жайында әңгіме өрбітіп, кешке келген өз тындармандарына алғысын жеткізді.

Сонымен қатар, жастық шағы Алматыда өткен ақын жазу әлеміндегі жарқын сәттерінен сыр бөлісті. Қызықты кездесуден үлкен әсер алған студенттер ақынға сұрақтар қойып, естеліктер естіді. «Ақынға қара сөзден өлең оңай» дегендей Серік Тұрғынбекұлы бұл кездесуде қызықты естеліктерімен бөлісіп қана қоймай, бірнеше өлеңдерін оқып, келген жастардың жүрегінен жол таба білді. Бұлай дейтініміздің өз себебі бар. Бүгінде кітапқа емес, ұялы телефонға телмірген жастардың қарасы қалың екені жасырын емес.  Осы орайда, жастарға жағымды махаббат, сезім тақырыбындағы өлеңдерін студент қауым жақсы қабылдап, тамсана тыңдады.

Сондай-ақ, халықтың намысын оятып, ұлтқа ой саларлықтай өлеңдері жетерлік. Осы орайда ақын өзінің осындай  өлеңдері жинақталған бірнеше кітабын кездесуді ұйымдастырушылардың қолдарына табыс етті. Әрине, мұндай кездесулер жиі ұйымдастырылып тұрса, бұл біріншіден халыққа қызмет ететін қайреткерлердің еңбегін бағалау және екіншіден заман ағымымен әдебиеттен алыстап, ғаламторға қамалған жастарға рухани азық екені даусыз.

 

Баян АЖИМУХАН