«Қайрат» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бапкері Күнтуар ЖАНКИШЕВТІҢ мәлімдеуінше, жуырда ауыр атлетика үйірмесінің 12 тәрбиеленушісі жасөспірімдер мен ересектер арасындағы Қостанай облысының чемпионатына қатысып, барлығы да жүлделі үштіктен орын алып қайтты.
Оқырмандардың есіне сала кетсек, Арқалық ауыр атлетика мектебінде бір емес, бірнеше ҚР чемпионы мен республика чемпионатының жүлдегері бар. Олардың бәрі де облыстық деңгейдегі жарыстардан аса қиналмай өтіп, жүлделі бірінші, екінші орындарды иемденіп жүрген спортшылар. Күні кеше өткен чемпионатта да үздік ауыр атлеттеріміз биіктен көрініп, жақсы нәтиже көрсетті.
Жалпы, бірінші орынға үш зілтемірші ие болды. Атап айтсақ, 56 келі салмақ дәрежесінде АрқМПИ студенті, ҚР екі дүркін чемпионы Аян БАЙЗАҚОВ, 62 келіде Торғай аграрлық-техникалық колледжінің білім алушысы, ҚР екі дүркін чемпионы, бірнеше мәрте жүлдегері Нұрдәулет ЕРКЕНОВ, 85 келі салмақта ҚР чемпионатының жүлдегері Ерболат БАЛҒАБАЕВ қарсыластарынан оза білді.
Екінші орынды 30 келі салмақта №1 ОМ оқушылары Ернат ТАҢАТ, 46 келіде Ахмет ТӨЛЕГЕН (суретте), 56 келі салмақта №6 ОМ оқушысы Нұртілеу ОҢДАСЫН, 69 келі салмақта ТАТК білім алушысы Нұрбол САРЖАҚОВ, 69 келіден жоғары санатта Арқалықтан барған жалғыз бойжеткен, Арқалық политехникалық колледжінің білім алушысы Индира БИЛКЕНОВА жеңіп алды. Жаттықтырушы К. ЖАНКИШЕВТІҢ айтуы бойынша, аталған жеңімпаздардың ішінде 6 мүмкіндігінің барлығын пайдаланған балғын спортшы Ахмет ТӨЛЕГЕН ерекше көзге түсіп, шеберлік танытты.
Үшінші орынға №1 ОМ оқушылары 38 келіде Шалқар СЕРІК пен 42 келіде Қаһар СЕРІК, 50 келіде Қамшыбек МЫРЗАХМЕТОВ, 62 келіде №3 ОМ оқушысы Мадияр СЕРІКОВ ие болды.
Кайрат Есмаганбетов