Облыстық Дала өлкесі тарихы мұражайы жақсы дәстүр енгізді. Ол дәстүр портреттік кеш деп аталады. Сондай кезекті кештің біріне атақты жерлесіміз Айбек Қалиев кейіпкер болды.

Портреттік кеш – арамызда жүрген үлгі тұтар аға-апаларымызбен емен-жарқын әңгіме құрып, олардан үлгі-өнеге алудың бір жолы. «Биік төбеге шықсаң көзің ашылады, Жақсымен сөйлессең көңілің ашылады» демекші, осындай өмірде белгілі бір жетістікке жеткен, жастардың өміріне бағыт-бағдар бере алатын жандардың әңгімесін тыңдау, олармен сұхбаттасу, сырласу – жастар үшін рухани тәрбие.

Мұражай директоры Гүлбану Елтебаеваның айтуынша, айтыскермен кездесуге негізінен шығармашылыққа, ақындыққа, поэзияға жақын жастар шақырылған. Мұның себебі де сол – қабілетті жастарға қанат бітіру.

Кешті облыстық Дала өлкесі тарихи мұражайының ғылыми қызметкері, әрі ақын, әрі қаламыздағы қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып жүретін азамат – Мұқият Қойшыбайұлы жүргізді. Негізінен қойылған сұрақтардың дені Айбек Қалиевтың жеке өмірі, шығармашылығы, ғылыми ізденісі мен ұстаздық қызметі арнасында өрбіді.

Бірнеше сағатқа созылған кездесуден жастар мол рухани азық алып қайтқаны сөзсіз.

 

«Торғай-ақпарат»