Торқалы Торғай топырағы қашанда таланттан кенде болған емес. Тіпті республика жұртшылығы арасында «Торғай топжарғандары» туралы естеліктер жатқа айтылады. Дегенмен солардың жұрт аузында жатталып қалғаны болмаса, жинақталып кітап болып шығуына келгенде ұйымдастырушылық, ұқыптылық жетпейтіндігі аңғарылатыны рас.
Сондықтан ел аузында айтылып жүрген, аталарымыздан жеткен аңыз-әңгімелер мен өлең-жырларды жинап жүретін Қуанышбай Жұмабайұлының «Мен нағыз Жанқожаның жүрегімін» атты кітапбы оқырмандарына жол тартты. «Бар мақсатым – аталар сөзі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, естерінде сақталса деген игі тілек. Бабалар мұрасын келешек ұрпаққа жеткізу баршамыздың мойнымызда тұрған азаматтық борышым» деген Қуанышбай Жұмабайұлының кітабына Торғай өңірінен шыққан танымал тұлғалар туралы қызықты деректер келтірілген. Арқалық қаласының тұрғыны Қуанышбай Жұмабайұлының бұл бабалар жолымен деген айдамрмен жарық көріп отырған екінші кітабы. Торғай өңірінің дүлдүлдері, ділмар шешендерінің небір дуалы ауыздан шыққан інжу - маржанға бергісіз бәтуалы сөздері бедер тартқан бұл жинақ ел тарихынан сыр шерткен тарихи деректерімен құнды. Әрине, Торғай өңірінің теңіздей мол қазынасын тұтастай түгендеп, жүйелеп жеткізу бір кісінің ғана емес, үлкен институт айналысса да жүгі артылар еді-ау деген ойға қаламын. Ал, мынау, Ақшығанақ ауылының тұрғыны Тұрлығұл, Жұмабайұлы Қуанышбайдың ел ішінен тірнектеп жинаған жүйелі сөздері кім-кімге де үлгі боларлық жәйт.
Оған себеп те бар. Мен білетін Қуанышбайдың әкесі Жұмабай ақсақал ел ішіндегі білімді де беделді кісілердің бірі еді. Ол - дінді де, бүгінгі күнді де ұғымталдықпен ұштастырып, заманына сай зиялы қызмет жасаған кісі. Өзі көзі көріп, көңілі таныған Ахаң, Жахаң, Кердері Әубәкір, Уақ Жұмабай, Нәуен молда, Нұртаза, Әбіқайлардың ізін басқан Ахметқан,Нұрқан ақындар үзеңгілес болып үлгілі сөз қалдырған адам. Қат-қабат, қым-қуыт, аударыспақ-төңкеріспек заман ағымымен арпалыса жүріп, артына атан түйенің жүгіндей ауқымды қазына қалдырған.
Осы қазынаны мол қарпыған баласы - Қуанышбай жасынан әке қасында жүрген құйма құлақ болып шықты. Сөйтіп ол өзі естіген, білген әңгімелерін көкірегіне тоқып, көнілінде көмбе ғып қалдыра берген. Енді міне, сол қазына - көмбенің көзін ашып, аталардың баталы сөздерін жұртшылық назарына ұсынып отыр.
Қуанышбай тек арғы аталардың айтып қалдырған ақыл-нақылдарымен ғана шектеліп қалмаған, осы кітапта күні кеше өзіміздің көзіміз көрген Айса, Нұғыман сынды қызықты кейіпкерлермен кезігеміз. Солардың енді еске алмаса ұмыт болып бара жатқан бүгінгі ұрпаққа аса қажет әсерлі әңгімелерін басын қосып біріктіре білген.
Сөйтіп, арғы атамыз Шақшақ Жәнібектен бастап, бүгінгі ұрпақтың өнегелі сөздеріне дейін теңіз түбінен маржан сүзгендей елдің інжу-маржан үлгілерін ұқыптылықпен ұсынып отыр. Бұған әке әруағы әлбетте, разы болар. Оның үстіне бұл шағын жинақтың өз елін, өз жерін, өзінің кіндік қаны тамған туған өлкесінің тағылымды тарихын тануға зор септігін тигізері ақиқат.
Ендеше, замандасымыз, бауыр, дос Жұмабайұлы Қуанышбайдың елі үшін оқырмандарға ұсынған құнды еңбегін құптай отырып, «Ата көрген оқ жонар» дегендей, әке тәрбиесінің тағлымын танытқандығы үшін разы пейілмен рахмет айтамыз!
Серік Тұрғынбекұлы
ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.
Комментарии