Көкшетау қаласында ауыр атлетикадан 23 жасқа дейінгі ерлен мен әйелдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты болып өтті. Оған Қостанай облысының құрамасында Арқалықтан Торғай аграрлық-техникалық колледжінің оқушысы Нұрдәулет ЕРКЕНОВ барып, чемпион атанды. Сондай-ақ, өз салмағында республика рекордын жаңартып, спорт шеберінің нормативін орындады.
Арқалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бапкері Күнтуар ЖАНКИШЕВТЫҢ айтуы бойынша, Н. Еркенов 56 келі салмақ дәрежесінде бәсекелесті. Аталмыш салмақта 8 спортшы күш сынасыпты. Жұлқи көтеруден 92 келіні, серпе көтеруден 111 келіні бағындырып, қос жаттығуда 203 келіні бастан асырды. Осылайша ол спорт шеберінің нормативінен асып түсіп қана қоймай, республика рекордын жаңартып, үлкен жетістікке жетті. Алайда, қарсыластары да осал болған жоқ. Яғни, екінші орынды жеңіп алған Талдықорған қаласының зілтеміршісі Нұрдәулеттен 1 ғана ұпай қалыс қалды. Яғни, бұл бас жүлдеге қызу талас болғанын байқатса керек.
Нұрдәулет Қазақстан Республикасының чемпионы атағына екінші мәрте қол жеткізіп отыр. Бұған дейін ол 2014 жылы ел бойынша үздік болып, спорт шеберіне үміткер атағына иемденген еді. Оған дейін, яғни 2012, 2013 жылдары, республика чемпионатында үшінші орынды місе тұтып, жақсы нәтиже көрсетіп жүрген спортшы болатын. Уақыт өте келе, шеберлігі шыңдалып, үлкен жетістіктерге жетіп жүр.
Қазіргі таңда ол 17 жасқа дейінгі балалар арасындағы ҚР чемпионатына қатысуға дайындалуда.
Шымкент қаласында өтетін республикалық сайысқа Арқалық БЖСМ жаттығушысы, ҚР екі мәрте чемпионы Аян БАЙЗАҚОВ та аттанбақ. Аян 20 жасқа дейінгі спортшылар санатында бақ сынаспақ.
«АХ»