
Алаштың ақиық ақыны Мұқағалиды мойындамайтын жан жоқ шығар, сірә?! Көркем сөзбен кесте тіккен Мақатаевтың шығармашылығы әрбір қазақ азаматы үшін әдеби қазына екені анық.
Оның өлеңдерін еңбектеген сәбиден, еңкейген қарияға дейін жатқа айтады. Қазіргі уақытта ақынның шығармашылығына ұйымдастырылып жүрген түрлі мүшәйра, байқаулар Мұқағалидың болмысын биіктетуге, қуатты жырларының шарықтауына және де өлеңдерін сүйсініп оқитын дарындыларды даралауда септігін тигізіп жүр. Оған дәлел жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Жырлайды жүрек» республикалық байқауы. Биыл жетінші рет Алматы қаласында ұйымдастырылып отырған бұл байқауға қаламыздан 5 оқушы қатысып, барлығы дерлік жүлдемен оралды.
Қаламызға кеңінен танымал жас өрендер Жандос Қадыров пен Минара Қадырова бұл жолы да өздерінің өнерпаздығын дәлелдеді. Родина орта мектебінің 7 сынып оқушылары вокал номинациясы бойынша дуэтте ақынның сөзіне жазылған Тұрсынжан Чапайдың «Туған өлке» әнін орындап, бас жүлдені жеңіп алды. Дарындылар сахнаға шыққаннан-ақ, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, дүйім жұртты талантымен таң қалдырды.
Көркемсөз бөлімінде Мұқағалидың «Күндестік құрысын», «Түйсік» өлеңдерін нақышына келтіріп оқыған Ұлболсын Болат бірінші орынды жеңіп, Қазақстан жазушылар одағының арнайы марапаты мен сыйлығын иемденді. Сонымен қатар, аталмыш номинация бойынша кіші топтан барған №6 орта мектептің оқушысы Наргиз Бағланқызы «Туған жерге», «Кешіргін қала» өлеңдерін жатқа айтып, жүлделі екінші орынды, осы мектептің 8 сынып оқушысы Ақерке Ахметсапаева «Аққулар ұйықтағанда», «Тілектеске» өлеңдерімен жүлделі үшінші орынды қанағат тұтты. Таланттарымен талайды тамсандырған бұл оқушыларды түрлі бәйгелерге баптап жүрген Аршат Ерназаров, Салтанат Бекенова, Ақбөпе Есмұратова, Жанар Сәдуова мен Айгүл Боканова сынды жетекші-ұстаздардың да еңбегі еленбей қалмады. Барлық жетекшілер байқаудың алғыс хатымен марапатталды.
Оқушылар биыл Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында 28 Панфиловшылар паркіне, шығыстың қос шынары Әлия мен Мәншүктің ескерткіштеріне тағзым етіп, Алатау бөктеріндегі сұлу Алматынының көрікті жерлерін аралаған. Мұндай абыройлы байқауға қатысып, ұмытылмас сәттердің куәсі болуға себепкер болған қалалық білім бөліміне және өздерін бастап апарған Айнұр Хайроллақызына оқушылар дән риза.
Баян Ажимухан
