8-қаңтар 1864 жылы Торғай қаласы Орыбор бекінісінде орыс-қазақ мектебі ашылды. Мектептің бақылаушы ұстазы зауряд-хорунжий Ыбырай Алтынсарин. Оқыту жоспары Орынбор бекінісінің комендаты подполковник Я.П. Яковлевпен келісіледі.

 

Мектепке барлығы 16 бала оқуға тартылады. Оқушылар тізімінде бірінші болып Қорғанбек Бірімжановтың аты-жөні жазылған. Екінші Бірімжановтың есімі тізімде тоғызыншы – Әбдібек Бірімжанов болып тіркелген.
Шеген бидің баласы Бірімжан Ыбырай Алтынсариннің туған нағашысы болып келеді. Ыбырай Шегеннің үлкен қызы Айманнан туады. Бірімжан кезінде орыстардың Дала өлкесін басқару орталығы – Орынборда талай рет болып, губернатор басқарған жиындарға қатысады. Сондайда, орыс әкімдерінің не айтқандарына түсіне алмай елге оралып жүреді. Орыс тілін білмегеніне қатты өкінген Бірімжан айтты дейтін сөз қалыпты: «Мұсылманшылықтың қырық парызы болса, орыс тілін үйрену – қырық бірінші парыз болсын...» Би сөзінде тұрады. Оқыған орысша-қазақша білімдар жиені Ыбырайды Торғайға қызметке шақырады. Өзі бас болып көмектесетінін айтады. Ұстаз Ыбырай Алтынсарин болса: «Бала оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай өте қызу кіріседі...» Тіпті болашақ мектеп үйінің схема-үлгісін де жасап, жоғарғы жаққа ұсынады. Оқу құралдары, оқулықтар туралы сөз етеді. Сонымен, Ы. Алтынсариннің Торғайдағы облыстық мектептердің инспекторлық қызметі басталады. Ұлы ұстаз жиырма бес жылдық ғұмырын қазақ балаларына арнап мектеп ашу, оларды оқыту, тәрбиелеу, оларға арнап оқулықтар, оқу құралдары және методикалық кітаптар жазу жұмыстарына арнайды. Осы жылдар ішінде Ыбырай қазақ қыздары үшін мектеп, интернат, қол өнері училищелерін аштырды. «Қазақ хрестоматиясын» орыс әріпімен бастырып шығарды. Кейін бұл кітап 1889 жылы Қазақ қаласында Ы. Алтынсариннің өзі армандағанындай араб әріпімен қайта басылып шығады. Ы. Алтынсарин сол тұстағы мектептерде дін сабағының өту мүмкіндігін пайдаланып, қазақ балалары үшін «Шариятул – ислам» атты оқулық жазады. Оқулық кезінде балалардың мұсылман дінінің қағидаларын игеруіне айтарлықтай пайдасын тигізеті. Мұсылманшылықты ел арасында насихаттауда әлі де мәнін жоймаған оқулық.
Сонымен, өзі екі жүздей Торғайдың атқамінер би, болыстарымен ынтымақтасып, мектеп ашып, бала оқытудағы Шеген би әулетінің қамқорлығы зая кетпеді. Ыбырай мектебінен білім нәрін алған Бірімжан, Дәуренбек, Жақып елу жылдай Тосын болысына жетекшілік жасады. Торғайдың қазақ-орыс училищесін бітірген Ахмет Бірімжанов Қазақ университетінде оқиды. Заңгер Ахмет Бірімжанов Ресей Думасына екі рет депутат болып сайланады. Ғазымбек Бірімжанов Ұлы Отан соғысы қарсаңында Германияда оқиды. Батырбек Бірімжанов химия ғылымдарының докторы. Іңкәр Бірімжанова – профессор. Кейін Баташ Ахметұлының саясында елден қанша ұстаз химиктер шықты.  
Ыбырай негізін қалаған қолөнер училищесінде Әліби Жангелдин де білім алды. Осы училищеде оқыған Қоңырша шебер көрікті де мығым Торғай көпірін салды. Шебердің «Бесқола» бойындағы қонысы «Ағаш үй» аталды. Қолөнер училищесінен мамандық алған Кәкіш пен Әбдіғали ұсталар әскери казарма қирандысынан аштық жылдары «Қызыл бәлнесті» салады. Іргесі берік, әлі тұр. Тек қайта қалпына келтіруде қолдаушысы күтіп тұр. Торғайдың қыздар училещесінде Аққағаз Досжанова мен Нәзипа Құлжанова оқиды. Аққағаз Ырғыздан қызмет ауыстырып келген төңкерісшіл Сағындық Досжановтың қарындасы. Аққағаз қазақ қыздары арасынан шыққан алғашқы оқыған дәрігер. Гүлнәр апа Дәлатовамен бастас болуға тиіс, қатар.
Облыстық басқармаға жіберген Ы. Алтынсариннің 11 қаңтар 1874 жылғы рапортында Торғай қаласында екі сыныптық орыс-қазақ училищесінің ашылғанын хабарлап, 12 оқушының тізімін жібереді. Тізімдегі он екі баланың: Мұхамедияр, Әлмұхамед, Ғабдуғали, Ғабдулла сынды төртеуі Балғымбаевтар. Ғабдуғали Балғынбаев болса, кейін Ыбырай Алтынсаринге үзенгілес дос болған, ісін жалғастырушы, Торғай – Қостанай өңіріне танымал ұстаз ғой. Білім нәрін түсінген әулет.
Осы тізімде алтыншы сатыда Досжан Тоқтабаевтың аты-жөнін жазыпты. Училищеге 30 қыркүйек 1871 жылы қабылданған екен. Дәуітбайлар қонысы болған Станса «Тоқтабай қарасуынан» таяқ тастам жер – жақын. Досжан қабылданған училищеге кейін Мұқан Тоқтабаев та қабылданады. Ол училищеде үздік оқиды. Қызбел елінде Мұқан Міржақып Дулатовқа қазқа тілімен қатар, орыс тілінен дәріс оқиды. Қызығы Міржақып кейін орыс тілін Мағжан ақынға үйретеді. Міржақып Дулатовтың ұстазы Мұқан Тоқтабаевқа арнаған өлеңінен:
Школге берген еді атам марқұм,
Заманның түрін көріп тарылатын.
Орыстың тілін біліп, хатын танып,
Біреуге болмасын деп жалынатын...
Бұл да бұрынғы Бірімжан бидің ойының жалғасы ғой. Ыбырай іргетасын қалаған екі сыныптық орыс-қазақ училищесінде оқығандар Кеңес кезеңінде де басшылық қызметте болды. Еліне көмегі тиді. Сәбитбек Исхақов Жетіқарада аудандық кеңеске төраға болады. Торғайға ауыр тиген аштық кезеңде арба-арба азық жібереді. Мырзалы Өтелбаев орысша шешен сөйлейтін, тілмар, істі ұйымдастырғыш жан-ды. Батпаққарада аудандық кеңеске төраға болады.
Торғайға Әліби Жангелдин басқарып келген «Қызыл керуеннің» сыйлы қонағы болған Казкоммунаның оқушылары: Мырзағали Жангелов, Бейсенбай Ералин, Жақып Исабаевтар да Ыбырай мектебінде оқыған. Мырзағали Жангелов Мәскеу әскери академиясында оқыды. Мәскеуді немістерден қорғады. Бейсенбай ералин «Жас алаш» газетінің мектеп білімін басқарды. Жақып Исабаев аудандық «Шалқар» газетінде редактор болып істейді. Газеттің бірінші бетіндегі «Ұлы Сталин» сөздерінен қате кетіп, поляр сыртындағы Воркута-Ухта темір жолын салысып, Жақын елге аман оралды. Жазықсыз жапа шегіп, айдау азабын көріп қайтты.
Қазақ мектептерінің қара шаңырағы танылған негізін Ыбырай Алтынсарин қалаға білім ордасы 1947-1948 оқу жылдарынан бастап: Ыбырай Алтынсарин атындағы Торғай қазақ орта мектебі аталады. Мектеп бітірушіге орта білім алғандығы туралы кәмілеттік аттестат тапсырылады. Ыбырай мектебін орта біліммен бітіргендер қатарында: Қайырбек Алматов, Әмірғали Жәмәлиев, Марат Ержанов, Мәрияш Топаевалар бар. Мектеп бітірушілер дені жоғары білім алды. Қ. Алматов аудандық партия комитетінде хатшы, М. Ержанов совхоз директоры қызметтерін атқарды. Аудандық мал шаруашылығы өркендеп өсе бастады. Соған орай мал шаруашылығы мамандары да өсіп жетілді. Менің қатарым мектепті 1954-1955 жылдары бітіргендер сапынан: Кәрімжан Бекболатов, Зәйіт Әбілхайыров, Нүретдин Молдабеков совхоз басқарды.
Кезінде Орынборда білім алған ұстаз Қайырбек Исхақов елде ұзақ жылдар бала оқытты. Інісі Қонақбай Алин де Алматыдан жоғары білім алып оралды. Бұлар болашақ ұрпағына білім беруге, оқытуға асықты. Қонақбай қарындас, інілерін оқытты, ғалым болуларына қамқорлық жасады. Нәтижесінде бес Қайырбеков ғылым жолына түсті. Төлеуханы ғылым кандидаты, әнші композитор, Күләші – тарих ғылымдарының докторы, химия ғылымдарының Ақылтайы – медицина ғылымдарының докторы, Гүлнәрі – тіл білімдерінің кандидаты. Бұлардың бәрі де кезінде Ыбырай мектебін бітірген. Білім нәрін осы мектептен алғандар.
Сірәда, Ыбырай мектебі талантты да ізденісшіл ұстаздарымен мақтана алады. Сағи Аппазов, Хамидолла Құсайынов, Молдахалық Қосқолов, Сұлтан Қожмұханбетов... сондай ұстаздардың санамалары ғана. Байырғы мектептен Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Шәміл Мұхамеджанов сынды республикаға танымал ақындар түлеп ұшты.
Аудандағы бірден-бір іргелі мектеп Ы. Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебі саналады. Биылғы оқу жылында мектепте 541 оқушы білім алуда, оларға 107 мұғалім дәріс береді. Мектеп ұжымы жаңа оқу жылынан бастап Ыбырай негізін қалаған байырғы оқу орнының мерейлі мерекесін тойлауға кірісіп те кеткен. Жақында мектепте бұрынғы республика Су шаруашылығы министрі, осы мектеп түлегі Нариман Қыпшақбаев бастаған топ болып, мерейлі мерекенің жоспарымен танысып кетті. Олар 150 жылдықты өткізудің ұйымдстырушылардың бірі болмақ, басы-қасында жүрмек. Ыбырай мектебін бітірген Республикаға танымал су шаруашылығы мамандары да баршылық.

Әмірхан АБДУЛЛИН,
Жангелдин ауданының Құрметті азаматы.

Лента новостей

 

Интервью