Осыдан бірер жыл бұрын «Жастар» саябағында қазығы қағылған интернационалист жауынгерлер ескерткішінің ашылуы Ата заңымыздың 20-жылдық мерейтойына дәлме-дәл келіп, мемлекеттік мерекенің мерейтойы қарсаңында қала жұртшылығына игі тарту болды.  

Ауған соғысы мен өзге де интернационалдық әскери қақтығыстарға қатынасқан ардагерлердің құрметіне, сол сұрапыл соғыстарда құрбан болған боздақтардың рухына арналған арнайы белгі орнату – кейінгі ұрпақ парызы екені сөзсіз. Еліміз бұрынғы КСРО құрамында болған тұста, әскери борышын өтеу үшін қан майданға аттанған қазақстандық азаматтар жүздеп, мыңдап саналады. Ондағы от пен оқ бірінің тәніне, бірінің жанына жазылмас жара салды. Арқалық қаласында да интернационалист-жауынгерлердің бірталайы бар. Олардың жартысына жуығы әскери борышын өтеу барысында жат жерде жер жастанып, мәңгілік келмеске аттанып кеткен...

Талғат Баймағамбетов, Елебек Ағатанов, Хамболла Гамбаров, Николай Фирсович, Марат Ғалиев сынды бірталай арқалықтық азаматтар Отан алдындағы борышын қорғау барысында жан тәсілім етті...
Ескерткіш белгінің салтанатты ашылуына ҚР Парламентінің мәжіліс депутаты, ауған соғысының ардагері Бақытбек СМАҒҰЛ арнайы ат терлетіп келді. Сондай-ақ, құрметті меймандар қатарында Қостанай облысы әкімінің орынбасары Мұрат ДАРИБАЕВ, Қостанай облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының өкілі Самұрат ЕРКЕБҰЛАНОВ, «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері Одағы» РҚБ төрағасының орынбасары Мирамбек ТӨЛЕКБАЕВ, ескерткіштің бас демеушісі, «Алюминий Казахстана» АҚ филиалы ТБКБ директоры Виктор РОДИН және т.б. болды. Алғашқы құттықтау сөз қала әкімі Ғазиз БЕКМҰХАМЕДОВКЕ берілді. Жиналған қауымды ҚР Конституциясының 20-жылдығымен құттықтай отырып, бүгін ашылғалы тұрған ескерткіш белгі қаламыздың назар аударарлық орынына айналып, мерейтойлар тоғысқан жылда талай іс-шараның өтер орны болатынына сенімін білдірді.


ҚР Парламентінің мәжіліс депутаты, ауған соғысының ардагері Бақытбек СМАҒҰЛ да қала жұртшылығына жылы лебіздерін арнап, құттықтау сөз сөйледі. Ескерткіш белгінің бас демеушісі – қалақұрушы кәсіпорын – Торғай боксит кен басқармасына ерекше алғыс айтып, кәсіпорын директоры Виктор РОДИННЫҢ омырауына атақты армия генералы Сағадат НҰРМАҒАНБЕТОВ қорының атынан «Батыр Бауыржан Момышұлы» медалін тақты. Дәл сондай медальмен Ауған соғысының ардагерлері де марапатталды. Арқалық қаласының әкімі Ғазиз БЕКМҰХАМЕДОВ пен ескерткіш белгіге демеушілік жасаған «Алюминстрой» ЖШС бас директоры Абай МҰҚАНОВҚА «Шапағат» медалі табысталды. «Сауап» медалі Виктор РОДИН мен «Алиби агро» ЖШС директорына тарту етілді.
Қаламыздың орталық саябағында бой көтерген ескерткіш белгінің ашылуында жастар да белсене қатысты. Қосымша білім беру орталығының «Батыр» балалар әскери-патриоттық клубының жас сарбаздары құрметті қарауылда болды. Салтанат барысында өнерпаз жастарымыз да ән мен биден шашу шашты. Ауған соғысында құрбан болған боздақтардың құрметіне үнсіздік жарияланды, белгіге гүл шоқтары қойылды, бейбітшілік нышаны – көгершіндер мен шарлар аспанға жіберілді.


Қайрат ЕСМАҒАНБЕТОВ

Лента новостей

 

Интервью