Жуырда Арқалық қалалық ардагерлер ұйымының V Пленумы болып өтті. Оған қала әкімінің міндетін атқарушы Ерлан Теменов, ардагерлер кеңесінің мүшелері, ауыл әкімдері, кәсіпорын басшылары және т.б. қатынасты. Аталмыш жиында Жеңістің жетпіс жылдық мерейтойына дайындық жұмыстары, ардагерлерді толғандырып жүрген мәселелер тілге тиек болды. Соған орай, оқырман назарына қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәки Ақанның баяндамасын ықшамдап ұсынудамыз.

 

15 мамыр 2014 жылы Москва қаласында Достастық елдері Орталық ардагерлер ұйымы басшыларының қатынасуымен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне дайындық және оны өткізу туралы мәселе қаралып, нақтылы шешім қабылданды. 2015 жыл Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жылы деп жарияланды.
Міне, осы шешімнен кейін республикамыздың барлық жерлерінде қызу жұмыстар басталып кетті. Осы мәселе барлық ардагерлер ұйымдарында талқыланып, нақтылы шешімдер қабылдануда. Бүгінгі күні қалалық ардагерлер кеңесі осы мәселені арнайы күн тәртібіне қойып Пленум өткізіп отыр. Ондағы мақсат Сіздермен бірлесе отырып, келесі жылы өтетін Жеңістің 70 жылдық мерекесін өткізудің нақтылы шараларын белгілеу. Ең бастысы - әлеуметтік қорғау.
Еліміз бойынша ардагерлерге қамқорлық жасау жылдан-жылға жақсарып келе жатқанының куәсіміз. 2009-2011 жылдар аралығында зейнетақы кезең-кезеңмен өсіп отырды. Қазір қазақстандық зейнеткерлердің орташа зейнетақысы АҚШ-тың 265 долларын құрайды. Өткен жылдан бастап зейнетақы 9 пайызға көбейіп келеді. Мұның сыртында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, оларға теңелгендерге, тыл еңбеккерлеріне, республика алдында ерекше еңбегі сіңген ардагерлерге өмірлік арнайы мемлекеттік жәрдем ақы тағайындалған. Мұның сыртында ауылдық жерлерде тұратын зейнеткерлерге отын, шөп, жемнен, т.б. көмек көрсетіледі.
Осы орайда қалалық ардагерлер кеңесі өз тарапынан нақты іс-шаралар жасап бекітті. Оларға нақтырақ тоқталатын болсам:
– мерекеге дейін Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, соғыс ардагерлері жесірлерінің, тұтқында болғандардың, тыл еңбеккерлерінің әлеуметтік жағдайларын зерттеу жұмыстарын жүргізу,
– ескерткіштердің, обелискілердің, алаңдардың, демалыс орындарының ахуалдары тексеріліп, оларды өңдеу, жан-жағын абаттандыру мәселелерін осы бастан қолға алу. Барлық ауылдарда соғыс ардагерлеріне ескерткіш белгілер қоюды ұйымдастыру,
– оқу орындарда, мектептерде соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері туралы құжаттар жинақтап, арнайы бөлме не бұрыштар ұйымдастыру,
– соғыс және тыл ардагерлерінің әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешуде атқарушы орындармен, «Нұр-Отан» партиясымен, қоғамдық ұйымдармен, жастар орталығымен байланыс жасау,
– «Батыр – жерлестеріміздің  ерлігін даңққа бөлейік әдеби шығармалар мен «Ардагерлер жанымызда тұрады атты фотоконкурстар ұйымдастыру,
– жастардың, оқушылар мен студенттердің арасында аға буын өкілдерінің ерлік пен еңбек жолдарын насхаттауда патриоттық жұмыстарды кеңінен жүргізу. Елбасы: Туған жерінің, өз халқының тарихын білмейінше шынайы патриот болу мүмкін емес. Патриот-өз елін сүйетін және өзге мемлекеттерге құрметпен қарайтын адам. Яғни рухани бірлік пен ұрпақтар арасындағы сабақтастық, ұлттық сана-сезім мен қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мәселелерін өзектендіре отырып, мұның бәрі жарқын болашақта күшті және қуатты Қазақстан мемлекетін өркениетті жолмен өрістетудің қажетті шарты екеніне баса назар аударды.
– қоғамда ардагерлер ұйымының беделін, белсенділігін арттыру мақсатында олардың пайдалы іс-тәжірибелерін кеңінен насихаттау,
– қалалық газеттерде арнайы рубрикамен батыр-жерлестеріміз туралы жазылған өлең, әңгіме, очерктерді жариялау,
– соғыс кезінде түскен фото суреттер мен майданнан жазған жалынды хаттары мен өлеңдерін іздестіріп, газет беттерінде жариялап, альбом құрастыру,
Қайталанбас Ұлы Жеңістің  70 жылдығына, сол жеңіс үшін жанын пида еткен боздақтардың аруағы үшін, қазіргі ортамызда жүрген тірілері үшін біздер осы шараларды бір адамдай жүзеге асыруда қызмет жасауымыз керек. Бұл шаралар қағаз жүзінде айтылған сөзбен бітпейді. Осы шараларды іске асыру үшін ең алдымен қаражат керек. Ол үшін жергілікті бюджеттен мәдениет саласына қосымша қаржы бөлу қажет. Қайырымды азаматтар табылып қолдау көрсетіп жатса нұр үстіне нұр болар еді.
Алайда ардагерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын шешуде әлі де атқаратын жұмыстар көп. Тұрын үй, басқа да коммуналдық жеңілдіктер, дәрігерлік көмек, дәрілердің қымбаттылығы ардагерлерге ауыр тиетіні рас. Сондай-ақ ардагерлердің соңғы 2-3 жылдан бері айтып жүрген мәселелері: ол «Алюминқұрылыс» ЖШС-не қарасты «Құрылыс» демалыс орнына ардагерлерді 5 күнге жіберудің тоқтап қалуы. 2012 жылға дейін осы орынға 100 соғыс, тыл еңбек ардагерлері демалуға жіберілетін. Оған мекемелер өз ардагерлеріне Жолдаманы сатып алса, мекемесі жоқ ардагерлерге жергілікті бюджеттен қаржы бөлінетін. Сүйтіп ардагерлер көңілді демалып алғыстарын айтатын. Енді осы игі істің тоқтап қалуына ренжулі. Осы мәселенің шешімін табуға мүкіндік бар ғой деп ойлаймын, себебі бюджетке түсетін салықтың үлес салмағы жылдан-жылға өсіп келеді.
Тағы бір мәселе, ардагерлердің күнделікті бас қосып, әңгіме – дүкен құратын, шахмат, дойбы ойнап, газет оқитын бөлменің болмауы. Өткен жылы №12 жатақханадан бір бөлме бөлініп еді, ол бірақ ыңғайсыз болып тұр. Тазалығы нашар, айқай-шуы көп.
Сонымен қатар ардагерлер атымен байланысты қалада ешбір орын жоқ. Ардагерлердің өтініші қалалық почта мекемесінің алдындағы алаңды «Жеңіс болмаса ардагерлер саябағы деп аталса орынды іс болар еді.
Тағыда Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне оралып ашығын айтатын болсақ, бір ұмытылмас күнді қарсы алуда қаламызда бір жайбарақаттық бар сияқты. Қаламызда соғыс, тыл ардагерлерін арналған көзтартар бейнелер, жалынды сөздер көрінбейді. Қаламыздағы екі газет беттерінен біз Ұлы жеңістің 70 жылдығына байланысты осындай шаралар ұйымдастырып жатырмыз, соғыс, тыл ардагерлеріне мүмкіндігімізше қолдау көрсетіп жатырмыз деген басшылардың да, басқалардың тарапынан да жүрекке жылы хабарларды кездестірмейміз. Бұл мерекеге 2015 жылдың сәуір айынан кірісетін түріміз бар.
Мына бір мәселені айтпай кетуге болмайды. Соғыс ардагерлеріне бұрын бюджеттен қаржы бөліп қалалық екі газет берілетін. Бұл қолдау 3 жылдан бері тоқталды. Қалған 7 соғыс ардагерлеріне қаржы табылмағаны қиын болып тұр. Қалалық ардагерлер кеңесі «Торғай», «Арқалық хабары» газеттерінің редакторларына зор алғыс білдіреді. Себебі бұл азаматтар өз газеттерін тегін береді.
Өткен жылдан бастап орталық ардагерлер ұйымы «Ардагер айнасы» газетін шығара бастады. Газет сапалы және тәрбиелік мағнасы өте зор. Осы газетке жазылу туралы газет бетінде жарияланды және бастауыш ардагерлер ұйымы бар мекеме басшыларына хат жолданды. Содан 7-ақ данаға жазылды.
Бағасы қымбат емес, жарты жылға жеке адамдарға 990 теңге мекемелер, ұйымдар үшін 1500 теңге. Сіздерден осы газетке жазылуды сұраймын.
Сөзімді қорытындылай келе, осы бір адамзат тарихында өшпестей ізі қалған Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске қол жеткізген ардагерлерімізді құрметтейік, қастерлейік. Жеңіс күнін зор табыстармен қарсы алуларыңызға тілектеспін.

Кәки АҚАН,
қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Лента новостей

 

Интервью