Құрметті жерлестер!

Міне, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 69 жылдығын тойлағалы отырмыз. Келесі жылы 70 жылдығын тойлаймыз. Осыған орай қаламыз бойынша көптеген іс-шаралар атқарылып жатыр.

 

Соның бастысы - соғыс кезінде майдангерлердің туған елге, ата-анаға, сүйген жарға, бауыры-балаларына жазған хаттары мен өлеңдерін, майданда түскен фотосуреттерін газет бетінде жариялап, халыққа ұсыну. Ол, біріншіден, соғыс ардагеріне деген құрмет болса, екіншіден бүгінгі жастарды батырлыққа, отансүйгіштікке, бауырмалдыққа тәрбиелейді.
Қалалық ардагерлер кеңесі газеттің бүгінгі Жеңіс күніне арнаған санында Ұлы Отан соғысының ардагері Доспан Хамзаұлының екі өлеңін оқырманға ұсынуды жөн көрді.
Доспан Хамзаұлы Амангелді ауданының тумасы. Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін қатынасқан майдангер. Майданнан оралғаннан кейін ауыл шаруашылығында колхоз басқармасы, бас есепші жұмыстарын атқарып, аудан экономикасының дамуына зор үлес қосқан. Егер тірі болса биылғы жылы 100 жасқа келер еді.
Доспан Хамзаұлының бойында ақындық қасиеті де болған. Соғыс кезінде, елге келген соң Ұлы Жеңіс туралы, сұм соғыстың халықтың жүрегіне салған ауыр жарасы мен қан майданның хас батырларының ерлігі туралы көптеген өлеңдер жазып қалдырған.

Жеңіс күніне

Отты жылдар түссе бүгін есіме,
Естегіден шертейін сыр шешіле.
Уа! Әлеумет, құтты болсын мерекең,
Игіліктің ертесі не, кеші не?

Отан үшін от кештік біз аяусыз,
Кеудемізде соғыс салған қаяу-мұз.
Бақытты екем қатарыңда келемін,
Талай қыршын қалмады ма хабарсыз.

Мен солардан артық па екем, ағайын,
Сұрапылдың бірге көрген талайын.
Ұлы Жеңіс салтанатын көре алмай,
Қалды сиреп ардагерден маңайым.

Жазылса да соғыс салған жарамыз,
Қатарымыз кәзір сиреп барамыз.
Отты жылдар көк өрімдей азамат,
Қырау қабақ қария ғой, қараңыз.

Жау шапқанда елімізге кенеттен,
Аттандық біз комсомолдық билетпен.
Қалдық сақтап Ұлы Отанның намысын,
Фашизмдей адам жауы жендеттен.

Фашизммен белдескенде бетпе-бет,
Қолдады елім, күш құралып төкпелеп,
Европаның халқын азат еттік біз,
Кеудемізді көк дауылдай кек кернеп.

Фашизмді ошағында жайратып,
Халықтарды азат еттік жайнатып.
Жеңіспенен Ұлы Отанға оралдық,
Еркін тұрмыс ел байлығын қаулатып.

Кейінгі ұрпақ енді соғыс көрмесін,
Мәңгі шаттық кеудемізді кернесін.
Жер бетінде адамзаттың басына,
Сұм соғыстың қара бұлты төнбесін.

 

9 мамыр

Көптен күткен тоғызыншы май келді,
Бар әлеумет дастарханын жайды енді.
Құтты болсын мерекесі Жеңістің,
Таңқалдырған, тамсандырған әлемді.

Көмейімде күмбірлесін сырнайым,
Майдың жырын аспандатып жырлайын.
Келген мынау қос мереке құшақтап,
Қонағымды қарсы алайын, тұрмайын.

Көк алаңда қызыл тулар ырғалып,
Зор шаттықтың музыкасы шырқалып.
Жатыр әне шалқып-тасып мереке,
Көше толы шат көңілді жүр халық.

Майдың таңы бүгін қалай арайлы,
Нұрға бөлеп маужыратқан маңайды.    
Бейбіт елге берекесін шашу ғып,
Күміс кірпік күн күлімдеп қарайды.

Шалқып шаттық ақ қанатын сермесін,
Кейінгі ұрпақ енді соғыс көрмесін.
Көмейіне құм құйылсын соғыстың,
Сәбилердің тәтті ұйқысын бөлмесін!

О, сұлу май шаттық әкел жыл сайын,
Зор табыспен қарсы алуға ел дайын.
Құр алақан қарап қалмай қартпын деп,
Елмен бірге қарсы алуға мен дайын.


Доспан ХАМЗИН,
Ұлы Отан соғысының ардагері.

Лента новостей

 

Интервью