Биылғы қос мерейтой – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 140 жылдығы мен қазақтың тұңғыш үнпарағы – «Қазақ» газетінің оқырманымен қауышуына 100 жыл толуына орай республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Торғайдың беделді білім ордасы – Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтында өткен шараға ғұламаның туыс-туғандары, ахметтанушылар, түрколог ғалымдар келіп, ғылыми зерттеу саласындағы тың ойларымен бөлісті.

 

 «А. Байтұрсынов және оның Қазақстан білімі мен ғылымына қосқан үлесі» тақырыбында өткен тағылымды шараны қала әкімі Қанат Ғабдулин сәлемдеме сөзімен ашып, пленумдық мәжіліске келген қонақтарға сөз кезегін беріп отырды. Айта кету керек, Торғай елінің мақтан тұтар тұлғасының, оның төл туындысының қос мерейтойына орай алыстан ат терлетіп келгендер аз болған жоқ. «Ахмет Байтұрсынұлының емлесі – ұлт келбеті» атты баяндамасын оқыған Алматыдағы Ахаң мұражай-үйінің директоры Райхан Имахамбетова, «Ахмет Байтұрсынұлы және зар заман әдебиеті» атты ғылыми мақаласын оқыған Еуразия Ұлттық университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазин, «Ғ. Тоғжановтың «Байтұрсынов және Байтұрсыновшылық» мақаласы немесе алыпты айыптау» атты баяндамасын оқыған Еуразия Ұлттық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Құрманғали Дәркенов, «Ахмет Байтұрсынұлы және қазақтың рухани тынысы» атты баяндамасын назарға ұсынған Қостанайдағы Ы. Алтынсарин мұражайының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, ақын Нағашыбай Мұқатов және т.б.мінбеден сөз сөйледі.

 

Конференция жұмысына қатынасқан Ахмет Байтұрсынұлының тікелей ұрпағы Ибрахим Ағытаев та «Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновты ұлықтау – мәңгілік парыз» атты мақаласын көпшілікке оқып берді.

Ауқымды іс-шара пленарлық мәжілістен кейін жастар Форумында жалғасын тапты. «Қазақ» газетінің 100 жылдығы мен оның алғашқы редакторының 140 жылдығына орай ұйымдастырылған бұл форумның мақсаты: ұлы ғалымның өмір жолдары мен шығармашылығына шолу өткізіп, жастардың арасында насихаттау. Мұны форумды ұйымдастырған «Жасұлан» балалар мен жасөспірімдер орталығының әкімшілігі баян етті. Бір сағатқа созылған форумнан кейін конференция меймандары мен жастар Форумына қатысқандар Ахаңның туған жері Ақкөлге ат басын бұрды.

Ғұламаның туып-өскен жерінде болып, онда сақталған жәдігерлерді, ғимараттарды өз көзіңмен көру, Ахаң жұтқан ауамен сусындап, сол жердегі қараша үйдің қабырғаларын бір сипап өтудің өзі – қай қазаққа да арман. Сондықтан кешкі сағат 20.00-ге дейін созылған бағдарлама шеңберінде әр конференцияға қатысушы Ақкөлді аса қызығушылықпен аралап, Ахаң рухымен арқаланып қайтты десек жаңылыспаған болармыз.

Тарихи деректерге сенсек, Ахмет Байтұрсынұлы туған ауылы Ақкөлде соңғы рет 1924 жылы болған екен. Сол жылдардан бері күні бүгінге дейін құр қаңқасы ғана қалған қараша үйдің қабырғалары өткен жылдары ғана қайта көтерілген болатын. Ұлы ғалым, публицистің сонау Алматыда үлкен мұражай-үйі тұрғанда, туған жері – Торғайда бір үйдің аман сақталмағаны, әрине, өкінішті. Десек те, Елена Цвентух бастаған «жасұландықтар» былтырғы жылдары «Ауылым – алтын бесігім»  жобасы бойынша Ақкөлге барып, Ахаң үйін қалпына келтіруге бастамашыл болған болатын. Ауыл тұрғындары жастардың ойын қош көріп, Ахаңның үйін асар етіп қайта көтерген еді. Бүгінгі таңда, сол тарихи маңызы зор ғимараттың ішінде мұражай ашу ниеттері де бар екен. Болашақта, Ақкөлге барып, Ахаңның қалай тұрып, қалай өскенін, ауылдағы тұрмыс-тіршілігін суреттейтін жәдігерлерге жолықсақ, тіптен нұр үстіне нұр болар еді.

 

Қайрат ЕСМАҒАНБЕТОВ

 

Лента новостей

 

Интервью