1969 жылдың 18 мамырында Амангелді ауданы мектеп оқушылары көркем өнерпаздарының байқауы өтіп жатқан болатын. Мен сол кезде аудандық комсомал комитетінің I – хатшысы ретінде, сол байқаудың ұйымдастыру алқасының төрағасы едім.

 

Балдырған өнерпаздардың ішінен бір баланың орындауында Жангелдин ауданынан келген мектеп оқушысы Қонысбай Әбіловтің анасына арнаған «Бала махаббаты» әні жұрттың назарын еріксіз аударды. Ән сазында анаға деген сағынышы сәбилік сезіммен балалық махаббаты біраз тыңдаушының көзіне жас алдырды.
Әннің қайырмасын да өзі шығарған. Ән анаға деген махаббаты арқылы туған елге деген сүйіспеншілігі, сәби жүрегінің отаншылдығы құлаққа майдай сазды әуенмен жетіп тұрды. Орындаушы да мәніне келтіре тыңдарманға жеткізіп еді. Сол байқаудан кейін аудан жастары атынан мектеп оқушысы Қ. Әбіловке Алғыс хат жолдаған едік. Арқалыққа қызмет бабымен ауысып келгеннен кейін Қонысбаймен тойларда, басқосуларда, жиналыстарда кездесіп жүрдік. Қонысбай сабырлығымен, әзіл қалжындарымен, сөз тапқырлығымен ортаға бірден үйренісіп кететін. Қонысбай Арқалыққа Торғай облысы бойынша «Лениншіл жас» газетінің арнаулы тілшісі болып келді. Сол кезден бастап ағалы-інілі бірге келе жатырмыз.
Өз қатарынан гөрі біздің қатарымызбен -  Нұрхан Ислямиев, Жақсылық Ғайсин, Марат Қасымов, Ғалым Байназаров, Бақытжан Молдағалиев, Бақытжан Құдаманов, Жарылғасын Мырзалиев, Сейіт Кенжеахметов, Сабыржан Шүкіров, тағы басқа ағаларымен інілік кішіпейілдікті сақтай отырып, жарасымды әзіл қалжыңымен қатар жүрді.    
  Отырған жерде Нұрхан, Қонысбай үшеуміз домбыра, баян, гитарамен қосылып ән айтып, күй тартып, думандатып жүруші едік.
Қонысбай ақындығы, сазгерлігі, ауыз - екі әңгімеге шеберлігі, әрқайсысы өз алдына бір төбе.
Сейіт, Сабыржан, Орекен ағаларымен қалжыңы күні бүгінге дейін ел аузында.
Айтыскер ақын ретінде тапқырлығы мен үйлесімі жарасқан ұтымды шумақтарын көпшілік жаттап алып айтып жүр.
1998 жылы желтоқсан айында Торғай, Көкшетау облысы ақындарының ұжымдық айтысы Алматы қаласында өтті. Қонысбай бастаған Қабден Байқасынов ағамыз Бүркіт Бекетов, Игілік Бейсенбаев, Отар Құрманғалиев және Жадыра Құтжанова, термешілір Айтан Сейдахметов, Нағашыбай Алпысов, Ақшагүл Мұқанова және Ләззат Қидановаларды басқарып Алматыға бардық.
Айтыс өте жоғары денгейде өтті. Айтысқа жанашыр болып Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Мұхамеджан Қаратаев, Әди Шарипов, Жақан Қосабаев және т.б. келіп көріп жоғары денгейде өтті деп бағалады.
Екі облыстың бас ақындары Қ. Әбілов пен Көкен аға Шәкеевтің айтысы ұлт жанашыры ағалы-інілі екеуінің ұтымды шумақтарымен қоса ұлттық дәстүрді ұстай отырып айтқан уәжді ұсыныстары тындаушыларын ойландырғандай еді.
Қонысбай інісінің еркелей айтқан шумақтарына риза болған Көкен аға өзінің 70 жасқа толған тойына арнайы шақырып, батасын беріп, «Кісе» белбеуін сыйлаған болатын.
Қонысбай Қазақстанның халық ақыны ретінде республикалық ақындар айтысының дамуына үлес қосқан үлкен өнерлі тұлға болып танылды.
Қонысбай бізден көп кіші болса да сырлас дос ретінде пікірлесіп, ойымызды ортаға салып отыратынбыз.
Мен С. Қожамқұлов атындағы Торғай облыстық сазды-драма театрының директоры болып тұрғанда, Қонысбай театрдың тұрақты көрермені ретінде әр қойылымдарға өз пікірін білдіріп отырды. Әсіресе қойылымдағы ұлттық нақышты айғақтайтын сәттеріне ризалығын білдіретін. Қонысбай ауыз-екі әзілге өте шебер. Қатарларының сыртында, біздің қатарымызбен де қалжындаса кететін. Сейіт ағасымен бір жолы Көкшетау қаласына шығармашылық сапармен барғанда, қонақ үйден ерте тұрып, Сейіт ағасын оятып, «Секе тұрыңыз, сергіңіз, бірге жаттығу жасайық» - десе, Секең: «Мен өзі жаттығуым жасалып туған адаммын» - дейтін көрінеді. Қонысбай тағы да: «Секе әтір себіңіз» - десе, Секең «Менің әтірім себіліп туған адаммын ғой, сен оны білмеуші ме едің» - деген ғой. Сонда Қонысбай: «Секе, сіз өзі Жапон аппараты сияқты сапалы жасалған адам екенсіз» - депті.
Сейіт, тауып айтылған әзілге риза болып, інісінің арқасынан қағыпты. Сол сияқты Нұрхан, Сәндібек, Сабыржан ағаларымен де еркелей әзілдеп, жұртты күлдіріп отыратын.
Сазгер ретінде «Бала махаббаты», «Аңсау», «Бақыт туралы баллада», «Тәтті түс» т.б әндері көпшіліктің сүйіп айтатын әніне айналып отыр.
Торғай облысы тараған кезде басқа жерлерге бару туралы ұсыныстар болғанымен Сейіт Кенжахметов  Жұма-Назар Сомжүрек, Әбжан Әбілтаев сынды ақындар, Бораш Әбенов секілді сазгер, ҚР еңбек сіңірген дәрігері Асқар Байжұманов т.б халыққа белгілі азакматтар бұрынғы Торғай облысының орталығы Арқалық қаласында қалдық. Қолымыздан келсе Арқалықты мәдениетті, сауатты, білімді зиялы қауымның орталығына айналдыру еді. Оған толық мүмкіншілік бар. Бораш басқаратын «Ұлт - аспаптар» оркестрі жоғарыда аталған әр саланың ақындары мен өнер адамдары және Еркін аға Әуелбеков, Сақан аға Құсайынов, Барлық аға Садықов, Өзбекәлі аға Жәнібековтің салып кеткен дәстүрлі, зиялы орта қалыптасып еді.
Арқалық жергілікті көп ұлттық қала болуға сұранып тұрған өзгеден үйренбей басқаға үйрететін мүмкіндігі мол еді.
Қонысбай  бізбен бірге осы қалада көп жыл тұрды. Қаланың құрметті азаматы атанды.
Бүгін бүкіл қазаққа танымал азамат ретінде қалыптасты.
Осы айдың 23 күні, яғни бүгін, 60 жасқа толмақшы.
Қонысбайды осы мерекесімен құттықтап, Мүнира келінмен екеуі балаларының қызығын көріп, немере, шөберелерінің ортасында бейнетсіз зейнетті ұзақ ғұмыр кешсін деп тілеймін.


Жұмағали Өмірбек,
Арқалық қаласының құрметті азаматы,
ҚР Мәдениет
қайраткері.

Лента новостей

 

Интервью