Арқалық аймағындағы ауылдардың ішінде ең шалғайда жатқан елді мекендердің бірі – Екідің ауылы. Шамамен 130 шақырым жерде орналасқан ауылда бүгін 420-ға жуық адам тұрады екен. Бір ескерерлігі, Екідің ауылында негізгі шаруа қожалығы жоқ.

Мысалы, Восточное ауылында «Алиби Сенім» ЖШС, Фурманово ауылында «Бірлік К» ЖШС болса, Екідіңнің ең басты мекемесі – мектеп қана. Сондықтан, біріншіден қаладан қашық жатқан, екіншіден шаруа қожалығы жоқ елді мекен биліктің қолдауына зәру. Тұңғыш Президент күні Арқалық қаласының әкімі Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ осы ауылға барып, оның тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан болатын.

Мереке күні қала басшысы Екідіңмен қоса Жаңақала ауылында да болып қайтты. Б. Әбдіғалиұлының аталған ауылдарға баруының мақсаты – қаладан алшақ орналасқан екі ауылдың тек тыныс-тіршілігін бақылау болған жоқ. Екідің мен Жаңақала ауылдарына балалар ойнайтын алаң орнатылды. Мерекеге орай балаларға арналған ойын алаңы ауыл тұрғындары үшін, әсіресе балаларға қуанышты тарту болғаны сөзсіз. Арқалық қаласы әкімдігі тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бастығы Хисамедин САПАРҒАЛИЕВТЫҢ жетекшілігімен ауылдарға арнайы барған бір топ мамандар балалар алаңын бірнеше сағаттың ішінде орнатты.

Алаңның орнатылуын асыға күткен ауыл бүлдіршіндері орнату жұмыстары аяқталысымен қондырманы іс жүзінде тексеруге кірісті. Бұл жаңалық – ауыл өміріне мерекелік қуаныш сыйлап, бүлдіршіндерді шат-шадыман қылғаны сөзсіз. Жаңа заманауи үлгіде жасалған ойын алаңдары ауылдарда да, қаланың өзінде де балалардың игілігіне жарап жатқанына өңір жұртшылығы куә.

Екідіңнің басты мекемесі – мектеп екенін айттық. Онда қазіргі таңда 67 оқушы білім алуда. Ауыл мектебінде мектепке дейінгі тәрбие беретін шағын орталық та жұмыс істеуде. Онда шамамен 25 бала тәрбиеленеді. Шағын орталықтың тәрбиелеушісі Шолпан ОМАРОВАНЫҢ айтуы бойынша, қала әкімі Берік Әбдіғалиұлының қолдауымен орнатылған ойын алаңдарының балаларға берері мол. Тек шаттық-күлкі сыйлап қана қоймай, олардың шынығуына да пайдасы зор. Осы орайда, Ш. Омарова шағын орталыққа жақында қала бюджетінен қаражат бөлініп, оған бүлдіршіндерге арналған ойыншықтар алынғанын айтты. Олардың да балалардың өсіп-өнуіне, ой-санасының жетілуіне тигізер септігі мол. Шағын орталықтың тәрбиелеушісі «Тәрбие – тал бесіктен басталады» деген аталы сөзді алға тартып, осындай шағын дүниелерге де аса мән берілуі тиіс деген ойын жеткізді. Оған қоса, бюджеттен жаңа жиһаз алуға да қаражат бөлініпті. «Жиһаз таяу уақытта орнатылады», - дейді Ш. Омарова.

Балаларға базарлық болған дүниелер бір бөлек, Екідің ауылының көшелерін жарықтандыру мәселесіне де айрықша назар аударылуда. Қала әкімі Берік Әбдіғалиұлының ұсынысымен, ең әуелі осы шалғайдағы ауылға жарық тартылмақшы. Ауылдарды жарықтандыру бойынша жұмыс жоспарында ең алдыңғы кезекте тұрған елді мекен – Екідің мен Фурманово. Фурманово өңірдегі ең ірі шаруашылық орталығы болғасын, оның көшелерін толыққанды жарықтандыру мәселесі де күн тәртібінде тұр.

Екідің ауылында 92 аула бар екен. Оның барлығын жарықпен қамтамасыз ету үшін 45 электр шамын орнату қажет. Жақында қала бюджетіне өзгертулер енгізіліп, осы мақсатқа 2,8 миллион теңге қаражат бөлінді. Көшелерді жарықтандыру жұмыстары Тәуелсіздік тойы қарсаңында аяқталады деп жоспарланып отыр. Ауыл жұрты үшін Азаттық мерекесінде бұл да ерекше сый болары даусыз.

 

А. ЖАНАЛИН,

Қ. ЕСМАҒАНБЕТОВ.

Комментарии

Азамат Тұрсынов
#1 Азамат Тұрсынов 12.04.2014 01:28 Цитировать
Жарқырай бер туған жерім ауылым!

Лента новостей

 

Интервью